Атырау облысында сенбілік кезінде «ҚазТрансОйл» қызметкері қаза тапты

Компания марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді

Атырау облысында сенбілік кезінде «ҚазТрансОйл» қызметкері қаза тапты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желілерде Құлсары қаласында сенбілік кезінде жол апатынан «ҚазТрансОйл» компаниясының қызметкері қаза тапқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy AtyrauPress-ке сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамды жүк көлігі қағып кеткен. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Компания өкілдері қайғылы оқиғаның болғанын растады. Алайда қызметтік тексеру аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайын жариялаудан бас тартты.

«ҚазТрансОйл» АҚ еңбек қауіпсіздігі, қоршаған орта және төтенше жағдайлар департаментінің директоры Асқар Қабыловтың айтуынша, компания қаза тапқан қызметкердің отбасына барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

«Аталған оқиғаның болғанын растаймыз. Қазіргі уақытта «ҚазТрансОйл» АҚ оқиғаның себептерін жан-жақты анықтау үшін мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін жазатайым жағдайға қатысты мәліметтер жария етілмейді», – делінген компания жауабында.