«Аяқасты салмақ қосып алдым»: Алматыда жас келіншек жеті ай бойы жүкті екенін білмей, дәрігерге келген сәтте босанып қалған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бұл оқиға дәрігерлерді де таң-тамаша қалдырған

Фото: скриншот

Алматыдағы жекеменшік клиниканың дәрігерлері таңғажайып оқиғаға куә болған: кеше, 7 мамыр күні клиникаға жас келіншек келіп, іші ауырып тұрғанын айтқан. Әрі ол дәрігерге «әуел баста арықтағамын, кейін аяқасты салмақ қостым» деп, асқазан-ішек жолдарын тексерткісі келгенін айтқан. Келіншекті УЗД арқылы тексерген дәрігер өз көзіне өзі сенбей, келіншектің 7 ай бойы жүкті болып жүргенін айтқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Клиникамыза жас келіншек келіп, іші ауырып тұрғанын, ішек жолы ауырлап, іші кеуіп кеткенін айтты. Әйел біраз уақыт бұрын қатты салмақ тастаған екен, бірақ, өзінің айтуынша, соңғы бірнеше айда қатты толып кеткен. Оған УЗД жасаған дәрігер әйелдің жүкті екенін, ішіндегі баласы 7 айлық екенін көрген. Оның үстіне, дәрігер тексеріп жатқанда кенет толғақ басталып кетіп, емханамыздың гинекологтары оны аман-есен босандырып алды», - деп жазады клиника.

Дереккөзге сүйенсек, дені сау қыз бала өмір есігін ашқан. Қазір сәби мен анасының денсаулығы жақсы.

«Ішек жолым ауырады деп келген әйел осылайша аяқасты ана атанды. Жолдасы да қуанышты. Бұл – жас отбасының бірінші баласы екен», - деп жазады емхана.