«Махаббаттың құны – 1,9 млн теңге»: Қарағандыдағы дәмханада қыздармен «біртүрлі» танысқан екі ер адам сотталатын болды

Автор: Бақыт Шынар

Екі ер адам замандас әйелдің шотынан ақша жымқырған

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қарағанды облысының 37 жастағы тұрғыны дәмханада танысқан әйелдің шотынан танысының шотына 1,9 млн теңге аударып алған. Арыз түсе сала, полиция күдіктілерді қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция бұл оқиғаны былай баяндайды: Қарағанды қаласындағы дәмхналардың біріне келіп, алкоголь ішкен. 37 және 40 жастағы ер адам жай отырмай, дәмханадағы қыз-келіншектермен танысқан. Төлем жасайтын кезде ақшалары жетпей, қыздардан көмек сұраған. Таныстық аяқталып, әйелдер үйіне жиналғанда 37 жастағы ер адам қулық танытқан.

«Қыздар кетуге дайындалып жатқанда, 37 жастағы ер адам қолайлы мүмкіндікті пайдаланып, 35 жастағы қарағандылық әйелдің банк шотынан өзінің 40 жастағы танысының шотына 1 млн 900 мың теңгені жасырын түрде аударып жіберген. Кештің осылай аяқталғанын ешкім байқамайды деп ойлаған күдіктілер оқиға орнынан кеткен. Алайда келесі күні таңертең шот иесі банк шотынан ірі көлемдегі қаражаттың жоғалғанын байқап, Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілерді тез арада ұстап алған. Екі ер адам да өз кінәсін толық мойындаған», - деп хабарлайды полиция.

Қазір полиция істі тергеп жатыр және күдіктілерге қатысты қандай санкция орнайтынын анықтап жатыр.