ШҚО әкімі «Казцинк» зауытындағы жарылыстан қаза болғандардың отбасына материалдық көмек уәде етті

Автор: Бақыт Шынар

Ол бүгін штабтың шұғыл отырысын өткізген

Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгін Өскемен қаласындағы «Казцинк» кәсіпорында болған жарылысқа байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, әкім құтқарушылар әлі де үйінді астын тексеріп, оның астында зардап шеккендер болса табу керек екенін айтқан.

Ал жарылыстың нақты себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылады.

«Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруы тиіс. ШҚО Экология департаменті апатты жою штабы жұмыс істеген кезеңде атмосфералық ауа сапасына үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізуі қажет. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетеміз», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Өскемендегі зауытта алапат жарылыс орын алып, екі адам қаза тапты. Тағы екі адам ауыр хәлде ауруханаға түсті. Бір жұмысшының денесінің 90 пайызын күйік шалса, екіншісінің омыртқасы сынған.