Семейде мас жүргізуші Абай атындағы кітапхана ғимаратына соғылды (ВИДЕО)

RAVON көлігінің жүргізушісі орындықты, екі автокөлікті және кітапхана қасбетін бүлдірген

Семейде мас жүргізуші Абай атындағы кітапхана ғимаратына соғылды (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин

2 мамыр күні кешке Семей қаласының орталығында жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен Орталық алаңға шығып, жасыл аймақ пен жаяу жүргіншілер жолымен жүріп өтіп, орындықты бүлдірген, екі көлікпен соқтығысып, Абай атындағы кітапхана ғимаратына соғылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зардап шеккендер жоқ.

Абай облыстық полиция департаменті оқиғаны растады және кінәлі тұлғаны анықтады.

«2026 жылғы 2 мамыр күні шамамен сағат 20:30-да 54 жастағы жүргізуші Абай көшесімен RAVON маркалы автокөлікті басқара отырып, қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, бір бағытта келе жатқан HAVAL және ЛАДА маркалы көліктермен соқтығысқан. Одан кейін Орталық алаң арқылы жүріп өтіп, орындық пен Абай атындағы кітапхана ғимаратына соғылған», – делінген полиция хабарламасында.

Жүргізуші мас күйде болған. Осы дерек бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 20 тәулікке дейін қамауға алу және жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.