Видеограф Дастан Мухамедрахим Қазақстанға 100 миллион аудиториясы бар блогерлерді шақырмақ
Бұл жоспарын президентке айтты
Қазақстанның көрікті жерлерін әлемге танытып жүрген видеограф Дастан Мухамедрахим президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа уәде берді. Ол оқырман саны 100 миллионнан асатын әйгілі екі саяхатшы блогерді Қазақстанға әкелмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол Президенттің Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына сапары барысында өз жобаларын таныстырған. Мемлекет басшысы оның бастамасына қолдау білдіріп, еліміздің туризімін дамытуымыз керегін айтты.
Ол жақында өткен халықаралық Threads форумына арнайы қонақ ретінде қатысып қайтты. Форум аясында Дастан Threads платформасының басшылығымен кездесіп, Голливуд жұлдызы Зендая (Zendaya), танымал вайнерлер Адам Вахид (Adam Waheed) және Джошуа Платилеро (Joshua Platilero) секілді тұлғалармен қатар мәртебелі қонақтар тізімінде болды.
Еске сала кетсек, Дастан Мұхамедрахимнің есімі 2025 жылдың қарашасында бүкіл әлемге танылды. Оның Қазақстан табиғаты туралы түсірген бейнеролигін Instagram әлеуметтік желісінің ресми парақшасы жариялады. Қысқа уақыт ішінде ол 676 мыңнан астам лайк жинап, 39,3 млн қаралымға жетіп, 53 мыңнан аса пікір алған. Қаралым саны: 39,3 миллионнан асты;
Қазіргі уақытта Дастанға халықаралық деңгейдегі ірі компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Видеограф алдағы уақытта жаһандық деңгейдегі тың жаңалықтармен бөлісетінін мәлімдеді.