Павлодарда тағы да дүлей дауыл соқты: басына ағаш құлаған жас әйел ауруханада жатыр
Оның бас сүйегі жараланып, маңдайы ісіп кеткен
Павлодар облысындағы қатты жел ағаштарды құлатып, шатырларды ұшырған: соның салдарынан екі әйел ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті irbistv.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, Ақтоғай ауылында 1985 жылы туған әйелдің басына шатырдың бір бөлігі тиіп, бетін жаралап кеткен.
«Науқас Ақтоғай аудандық ауруханасына сағат 15.30-да түскен. Жағдайы орташа ауыр дәрежеде болды. Дәрігерлер бетінің жараланған жерін тігіп, жағдайын тұрақтандырды», - деп хабарлайды Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Ал, Павлодар қаласында қатты жел кезінде ағаштың бұтағы ұшып кетіп, 34 жастағы әйелдің басына тиген. Әйелдің басы жараланып, маңдайы ісіп кеткен. Ол №1 аурухана түсті.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысындағы қатты желден бір зейнеткер әйелдің үстіне ағаш құлап, мерт болған еді. Сондай-ақ Ақсу қаласындағы дүлей дауыл кезінде таксидің алдыңғы орындығында келе жатқан әйелдің кеудесіне бұтақ кіріп, мерт болған. Осы дауылдан кейін Ақсу қаласының әкіміне сөгіс жарияланған болатын.