«Түк болмағандай жұмысқа барған»: Қызылжарда бұрын да адам өлтірген әйел танысын балталап, мәйітті төсектің астына тығып қойған

Сот 53 жастағы әйелдің әрекеттерінде қауіпті рецидив бар деп таныды

«Түк болмағандай жұмысқа барған»: Қызылжарда бұрын да адам өлтірген әйел танысын балталап, мәйітті төсектің астына тығып қойған
Фото: freepik

Солтүстік Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кісі өлтіргені үшін 53 жастағы Эльмира Шевелёваға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға биыл 27 ақпанда Қызылжар ауданы Бескөл ауылында болған. Тергеу мәліметтері бойынша, Эльмира Шевелёваның үйіне оның танысы Мехоношин келген. Ол мас болған және әйелдің үйінен кеткісі келмеген. Олардың арасында жанжал шыққан. Ұрыс-керіс кезінде сотталушы ер адамның желке тұсынан балтамен екі рет ұрған. Жәбірленуші сол жерде тіл тартпай кеткен. Әйел полиция мен жедел жәрдем шақырудың орнына, қанды жуып, мәйітті бөлмедегі төсек астына жасырып қойған.

Ер адам бірнеше күн бойы хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болды. Осы уақыт ішінде қылмыскер ештеңе болмағандай жұмысқа барып, таныстарымен араласып, үйреншікті өмір салтын жалғастырған. Тек 1 наурыз күні іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері әйелдің үйінен мәйітті тауып алды.

Сотта қорғау тарапы бұл оқиғаны «абайсызда болған өлім» деп көрсетуге тырысты. Алайда сот соққылардың өмірлік маңызды мүше, яғни марқұмның басына тигенін ескерді.

Эльмира Шевелёва бұған дейін де кісі өлтіргені үшін 7 жылға, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 4 жылға түрмеге отырып шыққан. Судья Ерлан Нұршарыпов оның әрекеттерінде қауіпті рецидив бар деп таныды.

Сот шешімімен Эльмира Шевелёва кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда өтейді. Сонымен қатар, ол маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделетін болады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.