Алматыда жүк көлігі аударылып, бір адам көз жұмды

Жүк көлігінің тежегіші істен шыққан

Алматыда жүк көлігі аударылып, бір адам көз жұмды
Фото: © istockphoto.com

Алматының Медеу ауданында жол апаты болды. Жүк көлігінің тежегіші істен шығып, салдарынан жүргізуші оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның мән-жайы

Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін, 26 сәуір күні таңертең болған. Howo маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Нұрмағамбетов көшесімен келе жатып, көлікті басқара алмай қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр техниканың тежегіш жүйесі істен шыққан. Жүргізуші көлікті тоқтата алмай, алдымен металл қоршауға, содан кейін үш ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, жүк көлігі аударылып кеткен. Жүргізуші алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Көлікке және жол инфрақұрылымына елеулі зақым келген.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамаларды тағайындады.