Рудныйда бір жыл бұрын қайтыс болған әйелді тексеріске шақырған

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды

Рудныйда бір жыл бұрын қайтыс болған әйелді тексеріске шақырған
Фото: istockphoto.com

Рудный қаласында жергілікті тұрғынға емханадан анасына флюорографиядан өтуге шақырту келгеннен кейін дау шықты. Алайда оның анасы бір жылға жуық уақыт бұрын қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Қыздың айтуынша, бір күн бұрын оған медициналық мекеме қызметкері мессенджер арқылы хабарласып, тексеруден өту қажет екенін жазған. Бірақ шақырту 2025 жылдың маусым айында көз жұмған анасының атына келген. Бұл хабарлама оған ауыр психологиялық соққы болған.

«Бұл – ең алдымен моральдық тұрғыдан өте ауыр жағдай. Анамның қайтыс болғанын әлі де ауыр қабылдап жүрмін, ал оның атына емханадан осындай “шақырту” алу – шектен шыққан немқұрайлылық сияқты көрінеді», – деді ол.

Оқиғадан кейін әйел емханаға барып, анасының қайтыс болғанын растайтын құжаттарды ұсынған.

Рудный қаласындағы №2 емхана бұл жағдайды ақпараттық жүйедегі ақаумен түсіндірді. Айтуларынша, науқас қайтыс болғаннан кейін оның мәртебесі тіркелгендер базасында уақытында өзгертілген. Алайда бұл мәлімет «Дамумед» КМИС жүйесімен синхрондалмаған.

«Техникалық ақауларға байланысты қайтыс болғаны туралы ақпарат жүйеге дер кезінде түспеген. Соның салдарынан пациент базаға тірі ретінде көрініп, шақырту жіберілген», – деп түсіндірді медицина мекемесі.

Қателік анықталғаннан кейін мәліметтер қолмен жаңартылып, науқастың мәртебесі түзетілген. Сондай-ақ емхана туыстарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін хабарлады.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Журналистер енді бұл мәселеге бақылаушы органдар назар аударып, тиісті тексеріс жүргізіледі деп үміттенеді.