Сарыағашта пневмониядан екпе алған сегіз айлық бала көз жұмды – полиция іс қозғаған

Бұл ақпаратты редакцияға облыстың денсаулық сақтау басқармасы растады

Сарыағашта пневмониядан екпе алған сегіз айлық бала көз жұмды – полиция іс қозғаған
Фото: freepik.com

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында пневмониядан екпе алған сегіз айлық бала көз жұмған. Бұл ақпаратты редакцияға Azattyq Rýhy Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы растады.

Жалпы, желіде тараған мәліметке сүйенсек, оқиға 23 қаңтарда болған екен. Қазір баланың ата-анасы сұхбат беріп, әділдік іздеп жүр.

Майра Жұмашеваның айтуынша, ол 23 қаңтар күні сегіз айлық ұлын екпеге әкелген. Пневмонияға қарсы екпе алғаннан кейін ол үйіне кеткен. Арада жарты сағат өте бала құсып, терлей бастаған. Ата-анасы баланы Сарыағаш аудандық ауруханасына тез әкелгенмен, ондағы дәрігерлер баланы бірден қабылдамаған. Баланың жағдайы нашарлап, ол реанимацияға түскен. Беті бері қарамаған бала реанимацияда жан тапсырған.

«Балам үйге келе сала құсып, суық тер шықты. Әлі құрып кетті. Маған «вакцинаның уақыты өткен шығар. Мыңнан бір жағдайда сондай болады» деп айтты. Сонда менің балама уақыты өтіп кеткен вакцина салған ба?», - дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Ал, біздің редакцияға жағдайды растаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазір осы қайғылы жағдайға байланысты комиссия құрылғанын хабарлады.

«Аталған жайт бойынша Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан арнайы бақылау комиссиясы құрылып, тиісті тексеру өтті. Аталған іс материалдары Түркістан облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитетіне жолданып, қосымша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қазір іс облыстық полиция департаментінің қарауында, тиісті тергеу амалдары басталған. Тергеу қорытындысы шыққаннан кейін қосымша ақпарат ұсынамыз», - деген басқарма мамандары баланың ата-анасына көңіл айтқан.