«Әділдікке сенуден қалдым»: Семейде қайта-қайта сотталған қос жігіттің ісін елорда соты қарады

Кассациялық сот отырысында сотталушылардың адвокаттары үкімнің тым қатаң екенін айтты 

«Әділдікке сенуден қалдым»: Семейде қайта-қайта сотталған қос жігіттің ісін елорда соты қарады
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада шендінің жағынан ұрғаны үшін ұзақ жылдарға сотталған абайлық Нұржан Амантаев пен оның серігі Ақжол Қуанышбаевтың ісі кассациялық тәртіпте қаралды. Бұған дейін Azattyq Rýhy жазғандай, қос азамат екі реттен сотталып отыр.

3 жылдан 10 жылға дейін: үкімнің эволюциясы

Билік өкілі, офицер Дастан Қазтұрғанға күш қолданды деп айыпталған Нұржан Амантаев пен Ақжол Қуанышбаев бастапқыда ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталған еді. Нұржан Амантаев жазасының 2 жыл 2 айын өтеп, бекітілген шығынды өндіріп, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Алайда көп ұзамай жағдай күрт өзгерді. Бұрынғы үкімдердің күші жойылып, еркіндікте жүрген Амантаев қайтадан қамауға алынды. Апелляциялық сот олардың әрекетін 380-баптың 6-бөлігімен қайта саралап, жаза мерзімін бірден 10 жылға дейін ұзартты. Судья екі жігітке рақымшылыққа байланысты 8 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотталушылардың туыстары мұны барып тұрған әділетсіздік деп санайды. Олар елордадағы кассациялық сотқа үміт артып келген. Сот залында сотталушылардың туыстары, адвокаттары және жәбірленуші мен журналистер отырды. Дастан Қазтұрғанның адвокаты онлайн қатысты. Олар сотталушыларға қарсы шағым берген.

Сарапшылар соққылардың өмірге ешқандай қатер төндірмейтінін анықтады

Кассациялық сот отырысында сотталушылардың адвокаттары үкімнің тым қатаң және негізсіз екенін алға тартты. Адвокат Гүлжанат Нұралхан апелляциялық үкімнің заңсыздығын айта келе, соттың медициналық айғақтарды ескермегенін атады.

«Екі бірдей сараптама жәбірленушінің алған жарақаттары өмірге қауіпті емес екенін, денсаулығына тиген зиянның орта және жеңіл дәрежеде екенін нақты көрсетті. Тіпті жәбірленушіге қойылған кейбір диагноздардың туа біткен ақау екені және оқиғаға еш қатысы жоқтығы ғылыми түрде дәлелденген. Сотталушылар біреудің туа біткен ауруына немесе медициналық көмекке кеш жүгінгеніне жауапты болмауы тиіс. Жәбірленуші тарап Қазтұрғанның алған жарақаттарынан кейін 6 ай бойы жұмысқа шыға алмағанын алға тартты, бірақ бұл дерек сотта ешқандай ресми құжатпен дәлелденген жоқ. Оның үстіне, сотталушылар бұрынғы үкім бойынша 2 миллион теңге моральдық шығынды толық төлеп қойған, жәбірленуші оны алғанын растады. Соған қарамастан, сот бұл соманы қайтадан өндіру туралы шешім шығарып, бір құқық бұзушылық үшін адамдарды екі рет жазалап отыр. Біз мұны өрескел заң бұзушылық деп есептейміз және жазаны қайтадан 3 жылға дейін азайтуды сұраймыз», - деді қорғаушы.

Оның сөзін әріптесі, адвокат Нұрлат Әбдіғани қолдады. Ол оқиға кезінде ешқандай қару қолданылмаған, жәбірленушінің ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұра алғанын атап өтті. Адвокаттар айыпты екі азаматтың бұрын сотталмағанын және 2 миллион теңге өтемақыны өз еріктерімен төлегенін ескере отырып, жазаны қайтадан азайтуды сұрады.

 «10 жыл аз,13 жыл сұраймыз»

Ал жәбірленуші тараптың ұстанымы мүлде бөлек. Адвокат Сағи Ораздың айтуынша, жазаны 13 жылға дейін қатаңдату қажет.

«Біздің апелляциялық сатыда қабылданған шешіммен толықтай келіспейміз. Біріншіден, сотталушыларға тағайындалған 10 жыл мерзімді жазаға келіспейміз. Сот процесі барысында біз қатаң жаза сұрадық, өйткені сотталушылар өз кінәсін бүгінгі күнге дейін мойындаған жоқ. Екіншіден, моральдық және материалдық шығынды өндіру мәселесінде де келіспейтін тұсымыз бар. Біз 13 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткенбіз, алайда тек 2 миллион теңге ғана өндірілді. Бұл шешім жәбірленушінің көрген жан азабы мен шеккен зардабын толық қамтымайды деп есептейміз. Сонымен қатар, іс қаралу барысында сотталушы тарапынан жәбірленушіге қатысты жалған ақпараттар таратылды. Атап айтқанда, жәбірленуші тарап 40 миллион теңге талап етті деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Мұндай жағдай мүлдем болған емес. Осыған байланысты біз кассациялық шағым түсіріп, сот үкімін өзгертуді сұраймыз. Атап айтқанда, сотталушыларға тағайындалған жазаны 10 жылдан 13 жылға дейін қатаңдатуды және материалдық әрі моральдық шығын көлемін қайта қарауды талап етеміз», - деді адвокат.

Сот шешімі

Прокурор Рауан Бостанов іс материалдарына сүйене отырып, сотталушылардың әрекетінің саналы түрде болғанын жеткізді. Оның айтуынша, жәбірленуші қашып құтылмақ болғанда, олар оны қуып жетіп, ұруды жалғастырған. Мемлекеттік айыптаушы 10 жылдық жазаны заңды деп санап, оны өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Судья Шынар Ерғалиева екі тараптың да шағымын тыңдап, кеңесу бөлмесінен шыққан соң шешімді жария етті.

«Амантаев пен Қуанышбаевқа қатысты Абай облыстық сотының 2025 жылғы 7 қазандағы үкімі өзгеріссіз қалсын. Кассациялық шағымдар қанағаттандырылмасын», - деді судья.

«Әділдікке сенуден қалдым»

Сот шешімінен кейін Нұржан Амантаевтың әкесі Серікбол Оразханов журналистерге сұхбат беріп, күйінішін білдірді.

«Біз әділдік болады деп сеніп келдік. Бірақ бәрі керісінше болды. Бұл шешіммен келіспеймін, ары қарай тағы да шағымданамын. Әділдік бар дегенге сенуден қалдым», – деді ол.

Кассациялық саты Абай облысындағы атышулы іске нүкте қойды. Сотталған азаматтардың қорғаушылары мұнымен тоқтап қалмайтындарын, істі Жоғарғы Сотқа жеткізетіндерін айтты.