«Өтінемін, сөзімізге құлақ асыңыздар»: Алматы облысында ауыр апатқа түскен отбасы құзіретті органдардан көмек сұрайды (ВИДЕО)
Бір отбасының отағасы мен 3 баласы көлік апатынан зардап шеккен
Алматы облысында жол апатынан ауыр зардап шеккен отбасы әділдік іздеп, көпшіліктің қолдауын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Қарсы бағытқа шығып кеткен мас жүргізуші Насия Гоголадзеның жұбайы мен үш баласы отырған көлікке соқтығысқан. Қазіргі күні сот отырыстары жалғасып жатыр, алайда күдікті үйқамаққа жіберліген. Зардап шеккен отбасы кінәлі тұлғаға таңдалған бұлтартпау шарасын тым жеңіл деп есептейді.
«2025 жылғы 2 желтоқсанда жол-көлік оқиғасы болып, менің бүкіл отбасым, яғни үш кәмелетке толмаған балам мен жұбайым зардап шекті. Олардың үшеуің денсаулығына ауыр зиян келтірілсе, қызым орташа деңгейдегі жарақат алды. Біз сол оқиғадан кейін әлі күнге дейін есімізді жия алмай келеміз. Сол күні мас жүргізуші өзгелердің өміріне пысқырып та қарамай, қарсы жолаққа шығып кеткен.
Жұбайым мен балаларым әлі күнге дейін ауырсынуды басатын дәрілерді ішіп, күн көріп отыр. Айлап ауруханада жатып, азапты оңалтудан өтіп, жүруді қайтадан үйреніп жатыр.
Жұбайымның ішкі мүшелері жыртылып, қан кеткен, ауыр травматикалық шок алып, шұғыл ота жасалды. Қазір ол іс жүзінде әрекетке қабілетсіз және кем дегенде бір жыл жұмыс істей алмайды. Бұдан бөлек, бір жылдан кейін тағы бір операция жасатуы керек.
10 және 4 жастағы екі балама ота жасалды. Үлкен баламның екі аяғы, жағы сынды, өкшесі ығысып кеткен. Алда тері ауыстыру операциясы күтіп тұр. Кіші ұлымның аяқтары, жамбас сүйегі сынды, басынан жарақат алды. Қызым 12 жаста. Оо аяғынан жарақат алды, бұл өмір бойы зардабын тигізуі мүмкін», -деп жазды әйел.
Насия Гоголадзе тергеу амалдарының тым баяу жүріп жатқанына ашынады. Оның айтуынша, апаттан кейін бір ай бойы ешқандай шара қабылданбаған, тек мәселе қоғамда талқылана бастағанда ғана құқық қорғау органдарын қозғала бастаған.
«Кінәлі адам 4 айдан бері өз үйінде, жылы төсегінде жатыр. 6 сәуірде өткен алғашқы сот отырысына күдікті де, оның туыстары да келмеді, тек адвокаты келді. Күдікті ауырып жатыр деген сылтаумен сотқа онлайн қатысты. Оның жүргізуші куәлігі әлі де қолында екені белгілі болды», - дейді ол.
Жәбірленуші тарап күдіктінің медициналық құжаттарының растығына күмән келтіріп, оның қатаң жазаға тартылуын сұрайды.
«Оның жауапкершіліктен жалтарып кетпеуіне кім кепіл? Жәбірленушілерді кім қорғайды? Мен бүкіл құзіретті органдарға үндеу жасаймын. Біздің жағдайымызға назар аударыңыздар. Біз тек әділдікті талап етеміз. Біздің басымыздағы жағдай басқа отбасылардың басынан өтпеу үшін кінәлі адамның өз жазасын алуына көмектесіңіздер. Өтінемін, сөзімізге құлақ асыңыздар. Бежай қарамай, қолдау көрсетулеріңізді сұраймын», - деді Насия Гоголадзе.
Редакция Алматы облысының полиция департаментіне жүгінді, әзірге олардан жауап келген жоқ.