Қостанайда көпқабатты үйден өрт шығып, төрт адам құтқарылды
Қызыл жалын 25 шаршы метр аумақты шарпыған
Қостанайдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Тілсіз жаумен күрес кезінде құтқарушылар төрт адамды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдай бүгін қаладағы Пушкин көшесінде болған. Төрт қабатты үйдің пәтерлерінің бірінен өрт шыққаны туралы хабарлама түскен бойда, оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жеткен.
Мекеменің мәліметінше, жалын 25 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдай қызметкерлері пәтер ішіндегі және көршілес бөлмелердегі қауіпті жерден төрт адамды эвакуациялады.
«Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел іс-қимылының арқасында тілсіз жау тез арада ауыздықталды. Жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілді. Мамандар өрттің шығу себебін анықтау үстінде. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.