Блогер Әділетхан Молдахан 3 жыл бұрын қылмыс жасаған: прокуратура сұмдық жағдайдың бетін ашты

Автор: Темірхан Айжан

Ол сыбайласымен бірге ұсталған 

Фото: instagram.com/adiletkhan

Әлеуметтік желіде блогер Әділетхан Молдаханның ұсталуына байланысты түрлі болжамдар тарап жатыр. Осыған орай Алматы прокуратурасы істің мән-жайына түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасының бөлім бастығы Дидар Қабаевтың хабарлауынша, әңгіме 2023 жылы жасалған қылмыс туралы болып отыр.

«Бұл оқиға 2023 жылы болған. Ол кезде мен Алматы қаласы Наурызбай ауданы прокуратурасында соттарда мемлекеттік айыптауды жүргізуге жауапты бөлімнің бастығы қызметін атқардым. Мен бұл іс бойынша айыптаушы болған жоқпын, бірақ іс материалдары мен сот үкімін зерттедім. Жәбірленуші Алматыдан үй сатып алуды жоспарлап, 1,5 миллион теңгесін қалтасына салып, Тараздан жолға шыққан. Оның бұл жоспары туралы бір танысы біліп қойып, Әділетхан Молдаханмен бірлесіп қылмыстық жоспар құрады. Олар жәбірленушіні күтіп алып, қолдан жол апатын ұйымдастырған (ред. – инсценировка), содан кейін оның 1,5 миллион теңгесін ашық түрде тартып алған. Күдіктілер ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды», - деп түсіндірді Дидар Қабаев.

Қабаев атап өткендей, сот талқылауы барысында айыпталушылар кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.

«Сот тергеуі барысында олар кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды өтеді. Сондықтан іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Қысқартылған тәртіп кінәні толық мойындауды және талап арыздарға дауласпауды көздейді. Мұндай жағдайда істің барлық материалы зерттелмейді, тек сотталушылар мен жәбірленушілерден жауап алынады, содан кейін сот жарыссөзге өтіп, үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді. Нәтижесінде сот әрқайсысына үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкімге шағым жасалған жоқ және ол заңды күшіне енді», - деді Дидар Қабаев.

Осылайша, Әділетхан Молдахан «тонау» бабы бойынша кінәлі деп танылған. Сот қылмыс алдын ала құрылған жоспар бойынша іске асқанын анықтаған. Блогер мен оның сыбайласы 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.