Семейда курстасына буллинг жасаған колледж студенті үшін анасы жазаланды

Автор: Темірхан Айжан

Бала екі апта бойы қатарласын қорлаған 

Фото: iStockphoto

Семей сотында бұзақылық жасаған баласы үшін анасы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Колледждің 1-курс студенті екі аптадан астам уақыт бойы жатақханада және оқу орнында өзінің курстасына қысым көрсеткен. Ол курстасын тұншықтырып, камераға түсіріп алған. Аталған видеоны балағат сөздермен бірге студенттердің ортақ чатында таратқан. Оқу аудиториясында да жасөпірімге қыр көрсеткен.

Сот жасөспірімнің әрекеттерінде «кәмелетке толмағанға қатысты буллинг» (ӘҚБтК-нің 127-2-бабы, 3-бөлігі) белгілері бар деген қорытындыға келді. Сотта агрессияның жүйелі түрде орын алғаны ескерілді. Құқық бұзушының анасына 43 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.