Абай облысында күйеуін қорғау үшін бір адамды ағашпен ұрып өлтірген әйел сот залынан босап шықты (ВИДЕО)
Бірінші сот оны алты жылға соттап жіберген
Қазақстанның Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты Абай облысында алты жылға сотталған әйелдің ісін қарап, оны сот залынан босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2024 жылы шілдеде болған. Сот материалдарына сүйенсек, сотталған әйел ІІІ топтағы мүгедек болып шыққан.
«2024 жылдың шілдесінде екі ер адам төбелескен. Сотталып отырған әйелдің күйеуін бір ер адам тұншықтырып жатқан. Күйеуін құтқарғысы келген әйел ағаштың сынығын алып, оны мойнынан бір ұрған. Ер адам алған жарақатынан қаза тапқан», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Бұл істі бірінші аудандық сот қараған. Аудандық сот әйелді 106- баптың 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, алты жылға соттаған. Әрі шабуыл жасаған адамның өлімі үшін оның туыстарына 3 млн теңге төлеуге міндеттеген. Облыстық сот та бұл қаулыны өзгертпей, әйелді кінәлі деп тапқан.
«Кассациялық сот әйел адам күйеуін қорғау мақсатында әрекет еткенін мойындады. Сонымен бірге, сот оның басынан ауыр затпен соққы жасау арқылы қажетті қорғаныс шегінен шығып кеткені туралы түйінге келді. Бірақ, оның жасаған ісіне өкінуі, кәмелетке толмаған баласының болуы, III топтағы мүгедектігі, сондай-ақ оқиғаның орын алуына себеп болған жәбірленушінің өзiнің құқыққа қайшы мінез-құлқы ескерілді. Осылайша, кассациялық сатыдағы сот алдыңғы сот актілерін өзгертіп, әйелдің әрекетін Қылмыстық кодекстің 112-бабының 2-бөлігіне қайта саралап, оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кассациялық қарау кезіне қарай бұл мерзім толық өтеліп қойғандықтан, әйел адам сот залынан босап шықты», - деп хабарлайды кассациялық соттың баспасөз қызметі.