Астана полициясы темекі тартып тұрған адамдарды дрон арқылы видеоға түсіріп алған (ВИДЕО)

Темекі тұқылын жерге тастағандар бірден жауапкершілік арқалап жатыр

Астана полициясы темекі тартып тұрған адамдарды дрон арқылы видеоға түсіріп алған (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Астана қаласының полиция департаменті көше мен қоғамдық орындарда темекі тартып, оның тұқылын жерге тастай салған адамдарды дронға түсіріп, айыппұл салып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Астана қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында сондай сәттердің видеосы таралған.

Бейнежазбада байқалып тұрғандай, полиция қаланың әр бөлігіне дрон ұшырып, айналаны ластаған адамдардың әрекетін жазып алған. Мәселен, бір адам көлігінде келе жатып, темекісінің қалдығын терезеден лақтыра салған. Одан басқа, көп адам үй мен ғимараттардың жанында тұрып темекі тартады да оның тұқылын қоқыс жәшігіне емес, сол темекі тартқан жеріне тастай беретін көрінеді.

Жалпы, Астана полициясы департаментінің мәліметінше, бұл Астанадағы қоғамдық тазалық пен ластаудың жолын кесуге бағытталған.

Белгіленбеген орындарға қоқыс тастау, темекі тұқылын лақтыру, жерге түкіру, сондай-ақ көлік терезесінен қоқыс лақтыру сияқты әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.