Зообақ әкімшілігі ата-аналарды жауапты болуға шақырды
Шымкент зообағына келген әйел баласын қояндардың қорасына кіргізіп жіберіп, суретке түсірген. Мекеме әкімшілігі ерсі қылықты әйелге ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зообақ қонақтары жануарлардың өміріне қауіп төндірген. Әйел баласын рұқсатсыз қояндар тұрған вольерге көтеріп кіргізіп жіберген. Бала қояндарды қуып, үркітіп, біреуін ұстап алған. Анасы оны жайбарақат суретке түсірген.
«Бұл әрекет жануарлардың тыныштығын бұзып қана қоймай, олардың күйзелісіне себеп болады. Зообақ аумағында барлық жерлерде қоршаудан өтуге қатаң тыйым салынған ескерту тақтайшалары орнатылған. Алайда бұл талаптар ескерілмеген. Аталған оқиға келушілер тарапынан жіберілген бейнежазба арқылы анықталды. Шұғыл түрде күзет қызметі бейнебақылау камераларын тексеріп, ереже бұзған тұлғаларды анықтады. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жануарларға құрметпен қарау, олардың мекеніне қол сұқпау - әрбір келушінің міндеті екені қатаң ескертілді», - делінген зообақ хабарламасында.
Зообақ әкімшілігі әр жануардың тыныштығы мен қауіпсіздігі азаматтардың ортақ жауапкершілігі екенін ескертті.
«Зообаққа келген кезде қоршалған вольерлердің ішіне өтуге қатаң тыйым салынады. Балаларыңыздың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, оларды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Ережені сақтау- өз қауіпсіздігіңіз бен жануарлардың амандығының кепілі», - делінген хабарламада.
Әлеуметтік желі қолданушылары жауапсыз ата-аналарға айыппұл салу керегін айтып жатыр.