Қазақстанда жанұясын асырау үшін әйел адамдар көбірек жұмыс істеуге мәжбүр – зерттеу
Жұмыста қалатын ерлер саны 6 есеге азайған
Қазақстанда әйелдердің жұмыс жүктемесі жыл санап артып келеді. Бүгінде жарты миллионға жуық қазақстандық әйел аптасына белгіленген 40 сағаттық нормадан әлдеқайда көп еңбек етуге мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі energyprom-ға сілтеме жасай отырып.
Статистикалық деректер
2025 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі 1,3 миллионнан астам адам артық жұмыс істейді. Бірақ ерлерде бұл көрсеткіш төмендеген. Аптасына 40 сағаттан көп жұмыс істейтін ер адамдардың үлесі 3,4%-ға азайған. Ал артық жұмыс істейтін әйелдер саны 6,4%-ға артып, 468 мыңнан асқан.
Неліктен әйелдер көп жұмыс істейді?
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес бұл үрдістің үш негізгі себебі бар.
- Артық жұмыс істейтін әйелдердің 63,5%-ы өз еркімен емес, жұмыс берушінің талабымен істейді. Бір жылда мұндай «мәжбүрлі» жұмысшылар саны 10%-ға өскен.
- Әйелдердің 23%-ы отбасылық бюджетті арттыру үшін қосымша сағаттар алуға келіседі.
- Фриланс пен шағын бизнестегі әйелдер арасында жүктеме 16,5%-ға артқан. Бұл қызмет көрсету саласындағы әйелдердің тынығуға уақыты азайғанын білдіреді.
Әйелдер білек сыбана жұмыс істесе, ерлер демалуды таңдай бастаған
Ерлер экстремалды жұмыстан (аптасына 60 сағаттан көп) бас тарта бастаған. Тіпті қоғамдық міндеттерге байланысты жұмыста қалатын ерлер саны 6 есеге азайған. Демек, бұрын ерлер атқарған қоғамдық жүктеменің де салмағы әйелдердің иығына түскен сияқты.
Бұл үрдістен қорқу керек пе?
Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес, тек аптасына 40 сағаттық жұмыс қана адамның денсаулығы мен өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Артық жұмыс денсаулыққа қауіп төндіреді, бала тәрбиесі мен жеке қарым-қатынасты екінші орынға ығысады, ұзақмерзімді перспективада экономикалық тиімділікті төмендетеді.
Қазақстандық әйелдердің еңбек нарығындағы рөлі артқанымен, оның бағасы денсаулық пен жеке уақыттың есебінен төленіп жатқандай. Жұмыс пен үй арасындағы тепе-теңдікті сақтау бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр.