Астанада көпқабатты үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты

Өрт сөндірушілер пәтер ішінен ауыр жарақат алған әйелді құтқарып қалды

Астанада көпқабатты үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты
Фото: © freepik.com

Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған қайғылы оқиға салдарынан кәмелетке толмаған үш бала көз жұмды. Астана қаласы Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты үйдің 15-қабатынан өрт шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түнде басталған тілсіз жауды сөндіру барысында өрт сөндірушілер пәтер ішінен ауыр жарақат алған әйелді құтқарып қалды.

«Күйік шалған әйел адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды. Өкінішке қарай, өрт орнынан үш баланың денесі табылды», — делінген ресми хабарламада.

Өрттің ауқымы мен жоғары қабатта орналасуына байланысты шұғыл эвакуациялау шаралары жүргізілген. Жоғарғы қабаттардан 20 адам құтқарушылардың көмегімен шығарылған.

Тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетінше сыртқа шығып үлгерген. Қазіргі уақытта өрт толығымен ауыздықталды. Мамандар тілсіз жаудың шығу себебін анықтау үстінде.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, ауруханаға түскен әйелге және қаза тапқан балалардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жағдай жергілікті биліктің тікелей бақылауына алынды.