Қарағандыда тоғызыншы қабаттан секірмек болған жасөспірім құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тәртіп сақшылары оны дер кезінде ұстап үлгерген

Фото: © istockphoto.com

Қарағандылық полицейлер Университет көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде жасөспірімді құтқарып қалды. Тәртіп сақшылары шатырдың шетінде отырған бойжеткенді дер кезінде ұстап үлгерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай болды?

10 сәуір күні кешкі уақытта Университет көшесіндегі 9 қабатты үйдің төбесінде тұрған жасөспірімді тұрғындар байқап, бірден «102» желісіне хабарласқан. Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен шатырдың ең шетінде отырып, кез келген сәтте төменге секіруге дайын болған.

Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері алдымен бойжеткенмен сөйлесуге тырысқан. Алайда ол жауап бермеген соң, тәртіп сақшылары тәуекелге бел байлаған. Олар шатырға байқатпай көтеріліп, қызға барынша жақындаған.

Ыңғайлы сәт туғанда, қызды өздеріне тартып алып, қауіпсіз жерге шығарған. Қауіпсіз жерге жеткен бойда жасөспірім есінен танып қалған.

Тәртіп сақшылары қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жиғызғаннан кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Қазіргі уақытта 16 жастағы бойжеткен дәрігерлер мен мамандардың бақылауында. Оның мұндай қадамға баруына не себеп болғаны анықталып жатыр.