«Головкин аян берген»: Михаил Шайдоров Олимпиада алдында түс көріп, алтынға жеткенін айтты (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Ол түсінен ерекше әсер алғанын жасырмады 

Фото: ҰОК; Сали Сабиров

Италияда өткен Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров Миланға аттанардан бұрын ерекше түс көрген. Спортшының айтуынша, түсінде ол атақты боксшы Геннадий Головкинмен кездескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кейде жаттығу кезінде ешқандай нәтиже жоқтай көрінетін сәттер болады. Алайда, соған қарамастан алға ұмтылу маңызды, себебі адал еңбек ерте ме, кеш пе өз жемісін береді. Бір күні Геннадий Головкин туралы деректі фильм бе, әлде сұхбат па көрдім. Содан кейін боксшы түсіме кірді. Біз үлкен конференц-залда кездестік, Головкин Азия ойындарында киген танымал пальтосымен жүрді. Еркін бағдарламаға шығар алдында оны қасымда тұрғандай сезіндім. Бұл маған ерекше жігер берді. Бойымдағы энергия артып, өзімді мүлде басқа адамдай сезіндім», – дейді чемпион.

Спортшы әсерін сөзбен айтып жеткізу қиын екенін, бірақ дәл осы сәт оған мұз айдынында үлкен мотивация сыйлағанын жеткізді.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров – мәнерлеп сырғанаудан Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы. Сондай-ақ ол – қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанға алтын медаль әкелген ел тарихындағы екінші спортшы.