«Қызметкерлер онлайн жұмыс істейді»: Ақтөбе әкімдігіндегі өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Кешегі өрттен зардап шеккендер жоқ

«Қызметкерлер онлайн жұмыс істейді»: Ақтөбе әкімдігіндегі өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: ТЖМ

Кеше, 7 сәуір күні кешке таман Ақтөбе облысының әкімдігінде өрт болған еді. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өрттің себеп-салдарын тергеу анықтайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ғимараттың неше пайызы бүлінгенін техникалық сараптама анықтайды. Әкімдік нақты іс-қимыл жоспарын бекіткен. әкімнің мәліметіне сүйенсек, негізінде ғимараттың шатыры ғана жанған.

«Біріншіден, ғимараттың техникалық жағдайын толық бағалау үшін сарапшылар тартылды. Айтып өтейін, ғимараттың тек шатыры ғана жанды. Алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес. Біз соңғы рет әкімдікке 2022 жылы жөндеу жүргіздік, оның ішінде тек жұмыс кабинеттері жаңаланған еді», - дейді Шахаров.

Оның айтуынша, бүгін әкімдіктің біраз қызметкерлері онлайн жұмыс істейді. Бірақ, түстен кейін мамандардың көбі әкімдікке келіп, жұмыс орындарына отырады.

«Екіншіден, түстен кейін, мамандардың көп бөлігі өз жұмыс орындарына оралады. Үшіншіден, өрттің себептерін анықтау бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Іс қозғалды, тергеу амалдары жүріп жатыр. Төртіншіден, ғимаратты жөндеу үшін нақты жоспар әзірленіп жатыр», - деді Шахаров.