Қарағандыда зейнеткерді қорлаған жасөспірімдерге сот үкімі шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар қарияның дәрменсіз күйін пайдаланып, аяусыз соққыға жыққан

Фото: полиция департаменті

Қарағандыда қарияның үйіне басып кіріп, оны соққыға жығып, бейнежазбаға түсірген тоғыз адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тонау және тұрғын үйге заңсыз басып кіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотталушылардың саны тоғыз адам, олардың жетеуі – жасөспірім.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында қылмыстық топ 68 жастағы зейнеткердің пәтеріне «электр сымдарын тексереміз» деген желеумен екі рет кірген. Олар қарияның дәрменсіз күйін пайдаланып, аяусыз соққыға жыққан. Ар-намысына тиіп, қорлап, болған жайтты ұялы телефон камерасына түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан.

Бұдан бөлек, қылмыстық топ мүшелері наурыз айында тағы бір пәтерге басып кіріп, жәбірленушіні соққыға жығып, 95 мың теңгенің мүлкін қолды қылған.

Прокурорлар айыпталушылардың барлығын нақты бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Сот шешімімен бір сотталушы — 7 жылға; бір жасөспірім — 6 жыл 6 айға; екі жасөспірім — 5 жыл 6 айға; қалғандары — 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сот қылмыстың ауырлығын, сондай-ақ айыпталушылардың басым бөлігінің кәмелетке толмағанын ескере отырып, осындай үкім кесті», — делінген ресми хабарламада.

Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырды. Тіпті, күдіктілердің бір бөлігі құрықталғанға дейін қатарластарының «өз бетінше жазалауына» ұшырап, сол бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.