Жұрттың тынышын алған мас жолаушы пойыздан түсірілді

Автор: Azattyq Rýhy

Оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды

Фото: ашық дереккөзден

Алкоголь ішкен 28 жастағы елордалық тұрғын Қызылорда – Көкшетау бағытындағы жолаушылар пойызынан түсірілді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

«Шиелі станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне Қызылорда – Көкшетау бағытындағы жолаушылар пойызының бастығы вагондардың бірінде құқық бұзушының бар екені жөнінде шағымданды», – дейді Көліктегі полиция департаментінің бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Қ. Қобландиннің айтуынша, тексеру барысында көлік полицейлері Нұр-Сұлтан қаласының алкоголь ішкен, масаң күйде болған 28 жастағы тұрғынын анықтады. Қоғамдық орында масаң күйде болған ер адам ескертулерге құлақ аспаған, сөйтіп жолаушылардың тынышын алып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Бұдан соң, құқық бұзушы аталған пойыздан акт бойынша түсірілген.

«Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес,  оның «орташа дәрежеде» мас күйде болғаны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабының 1-бөлігі және 440-бабының 1-бөлігімен, яғни, «Тыныштықты бұзу және алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», – деді Қ. Қобландин.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері 21 989 құқық бұзушы, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін 1 965 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 37 млн-нан астам теңгені құрады.