Атырау облысында бір топ адам бірнеше млн теңгенің газ құбырларын ұрлап кеткен

Автор: Темірхан Айжан

Оларға үкім шықты 

Фото: Freepik

Атырау облысында мемлекеттік компанияның мүлкін ұрлаған бір топ адамға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталғандай, тұрғындар алдын ала сөз байласып, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ға тиесілі жерасты газ құбырларын қолды қылған. Қылмыстық әрекет салдарынан кәсіпорынға 3,4 млн теңгеден астам материалдық шығын келді.

Бастапқыда сот кінәлілерді бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, ұрланған ақшаны қайтаруды міндеттеген болатын. Алайда апелляциялық сот бұл шешімді өзгертіп, компанияның шығынды өтету құқығын алып тастаған. Бұл мемлекеттік мекеменің өз мүлкін қайтару мүмкіндігінен айырылуына әкеп соқты.

Бұл іске прокуратура араласып, Жоғарғы сотқа наразылық білдірді. Нәтижесінде бұрынғы шешімнің күші жойылды. Енді сотталғандар 3,4 млн теңге шығынды мемлекет пайдасына толық төлейтін болды.