Оның жаза мерзімі 6 жылға дейін ұзартылды
Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы прокуратураның апелляциялық өтінішін қанағаттандырып, өз әкесіне жәбір көрсеткен Алмас Садақбаевқа қатысты үкімді қайта қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 қаңтарда бірінші сатыдағы сот үкімімен оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Алайда прокуратура бұл жазаны тым жеңіл деп санап, сот шешіміне наразылық білдірді.
Апелляциялық сот барысында Садақбаевтың дәрменсіз күйдегі әкесіне жүйелі түрде күш көрсеткені, ұзақ уақыт бойы қорлап, денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені анықталды. Тіпті, қария қайтыс болғаннан кейін сотталушы бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламай, мәйітті өз бетінше жерлеген.
2026 жылғы 31 наурызда сот алқасы үкімді өзгертіп, жаза мерзімін 6 жылға дейін ұзартты. Қаулы заңды күшіне енді.
Естеріңізге салайық, 2025 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желілерде ер адамның қарт әкесін аяусыз соққыға жыққан видеосы тарады. Кейінірек бұл оқиғаның былтыр тамыз айында Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылында болғаны анықталды. Бейнежазба ақсақал қайтыс болғаннан кейін жарияланып, қазақстандықтардың жаппай наразылығын тудырды.
Зейнеткер қаза тапқан соң, оның ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі («Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша іс қозғалды. Мәйітке эксгумация жасалып, сараптама зорлық-зомбылық деректерін растады.
Алмас Садақбаев кінәсін толық мойындады. Ол болған жайт үшін көпшілік алдында кешірім сұрады.
Сондай-ақ, сотталушының жұбайына қатысты да жеке тергеу жүргізілді. Оған қатысты іс Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі («Дәрменсіз күйдегі адамды ұрып-соғу») бойынша қозғалған болатын.