Ақмолада жұрт дүрлігіп іздеген оқушы қыз астанада танысының үйінен табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ата-анасына қайтарылды

Ақмолалық тәртіп сақшылары із-түзсіз жоғалып кеткен 15 жастағы Еркежан Ботабекті Нұр-Сұлтан қаласынан іздеп тапты, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұрт жабыла іздеген қыз Елордадағы танысының пәтерінде тұрақтаған.

Естеріңізге сала кетсек, 15 жастағы Еркежан Ботабектің із-түссіз жоғалып кеткенін айтып, Шортанды аудандық полициясына оның анасы 12 шілде күні арызданған болатын. Әйелдің айтуынша, қызы таңғы алтылар шамасында үйден шығып кетіп, сол күйі үйге оралмаған. Алғашында өздері іздеп таппақ болыпты, алайда бұл әрекетінен түк шықпаған. Мұнан кейін іздеу жұмыстарына полиция мен еріктілер тобы қосылды.

«Хабарсыз кеткен қызды полиция қызметкерлері, құтқарушылар, екі жүзден астам еріктілер мен аудан тұрғындары іздеді. Үш тәулік бойы полиция қызметкерлері Еркежан Ботабекті табу үшін кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қыздың барлық жақын-жуықтары мен таныстары мен куәгерлер сұралып, орман алқаптары мен барып қалуы мүмкін жерлер түгел қаралды. Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің барлық күш-құрылымдары да жұмылдырылып, суға шомылатын орындар мен су қоймаларын сүңгуірлер сүзіп шықты. Іздеу шаралары тек Шортанды ауданында ғана емес Ақмола облысының көршілес аудандары мен Нұр-Сұлтан қаласында да жүргізілді», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Үш күн бойы жүргізілген іздеу жұмыстарынан кейін полиция қызметкерлері жоғалған қызды Нұр-Сұлтан қаласындағы таныстарының бірінің пәтерінен іздеп тапты.

Облыстық полицияның мәліметінше кәмелет жасына толмаған қызға қарсы қандай да бір қылмыс пен құқық бұзушылықтар жасалмаған. Жеткіншек қыз ата-анасына қайтарылды.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы