«Әскерде командирім зорлады»: Астанада 23 жастағы жігіт Threads-те «аянышты» пост жазып, ақша жинап алған (ВИДЕО)
Алайда жігіт алаяқ болып шықты
Жуырда, 23 ақпан күні Threads әлеуметтік желісінде «әскерде зорландым» деген жігіттің жазбасы желдей ескен еді. Алайда, пост авторы бұл оқиғаны ойдан шығарып, сол арқылы халықтың көңілін босатып, ақша жинап алуды ғана көздеген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгін ішкі істер министрлігі бұл жігіттің алаяқ екенін дәлелдейтін бірнеше факт ұсынып, оның қалай қолға түскенін көрсеткен.
«Биыл 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы бір желі қолданушысы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған сұмдық оқиғаны әлі де ұмыта алмай жүргенін жазған. Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер жазылған. Оқиғаның «қорқынышты» тұстарын баяндай отырып, ол өзіне қаржылай көмек сұраған, қауіп барын алға тартып, шетелге кету үшін ақша сұрауға мәжбүр екенін жазған», - деп хабарлайды полиция.
Жас жігіт өзінің постына ақша аудару үшін банк реквизиттерін жазған екен. Оған ақша аударғысы келген қырағы азамат полицияға жүгініп, шоттың дұрыстығын тексеріп беруді сұраған. Міне, дәл осы кезде алаяқтың өтірігі әшкере болған.
«Жігіт әскердегі зорлық-зомбылықтан кейін депрессияға түскенін және бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған. Жедел қызметкерлерге тек реквизиттер ғана емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген. Тексере келе шот 17 жастағы бозбаланың банк картасы екені анықталған. Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Сондай-ақ өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен», - деп хабарлайды полиция.
Осылайша, полиция тез арада пост авторын ұстаған. Және құзырлы орган жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін де анықтаған.
«Өйткені, оның әскери қызметке еш қатысы жоқ екендігі және әскерде ешқашан болмағаны белгілі болды. Өзінің осы әрекетімен ол әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірді. 23 жастағы күдіктінің айтуынша, жалған ақпаратты ол ақша жинау мақсатында жариялаған. Көрінеу жалған ақпаратты тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оны тергеу біткенше қамауда ұстау туралы қаулы шығарған», - деп хабарлайды полиция.