Жамбыл облысында моншаға барған әйел 4 жылын түрмеде өткізетін болды
Ол моншада тағы бір әйелмен төбелесіп, оның басын жарған
Жамбыл облысы Жаңатас қаласында моншаға барған әйел масаң күйде басқа әйелдің басын жарған. Оның ісі сотта қаралып, сот оны 4 жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сенсек, 2025 жылдың қазан айында Жаңатас қаласында монша ғимаратының алдында сотталушы мен жәбірленуші арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал кезінде сотталушы қолында тұрған смартфонымен жәбірленушінің басына соққы берген.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің миы шайқалған, бірінші дәрежелі ми контузиясы, сондай-ақ сынық түріндегі жабық ми жарақатын алған. Бұл адам өміріне қауіпті денсаулыққа ауыр зиян санатына жатады», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта әйел кінәсін мойындаған, кешірім сұраған, ал, зәбір көрген әйел оны кешіретінін айтқан. Прокурор оны 4 жылға соттауды сұраған.
«Сот әйелдің шын жүректен өкінгенін, жас балалары бар екенін ескеріп, бұл фактілерді жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ал масаң күйде қылмыс жасауды ауырлататын мән-жайға жатқызды. Осылайша, сот оны 4 жыл бас бостандығынан айырды. Жас балаларына байланыстығ сот оның жазасын 5 жылға шегерді», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.