«Жетсе, бетінен сүйеді»: Ақмолада түрме қызметкерлері «қыз қуу» ойнап, көңіл көтерген (ФОТО)

Автор: Бақыт Шынар

Түрме басшысы бұл жақсы дәстүр дейді

Фото: Polisia.kz

Ақмола облысы Зеренді ауданындағы №7 түрменің қызметкерлері Наурыз мерекесінің қарсаңында әріптестерінің алдында «қыз қуу» ойнап, атқа мінген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дереккөзге сүйенсек, Медеу есімді түрме қызметкері Айнұр есімді қызметкерді қуып, ойнаған.

«Олар ғасырларға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрдің мән-мағынасын көрсетуге тырысқан. Ұлттық киім киген олар көрермендердің, яғни, әріптестерінің алдында «қыз қуу» ойнаған. Ойын шартына сай, қыз бірінші шауып кетеді. Артынан қуған жігіт оны қуып жетсе, бетінен сүйеді немесе ақ орамалын алады», - деп жазған полиция.

Салтқа сай, қызды қуып жете алмаған жігіт қамшы жейді. Полиция жазғандай, жастар барынша шынайы ойнап, әріптестеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысқан.

«Түрме ұжымы жас әрі көңілді. Біз үнемі салт-дәстүрді жаңғыртып, Отанымыздың тарихына қатысты сәттерді естен шығармауға тырысамыз», - деген түрме басшысы Төлеген Бикеев.