«Кастетпен ұрып, реанимацияға түсірген»: Тараздағы оқушы қыздардың төбелесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Полиция кастет қолданылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Таразда кәмелетке толмағандар арасындағы төбелеске қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Балалардың ата-аналары оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар жасөспірімдердің әрекеттері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралған. Қорытындысында олар профилактикалық есепке алынған.
Жамбыл облысы Полиция департаменті тергеу барысында әлеуметтік желілерде тараған кәмелетке толмағандар кастет сияқты суық қаруды қолданғаны туралы мәліметтің расталмағанын хабарлады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Жәбірленуші үйінде амбулаториялық ем қабылдауда. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, - деп атап өтті ведомстводан.
Еске салайық, бұған дейін Таразда оқушы қызды қатарластары кастетпен ұрып, реанимацияға түсіргені туралы ақпарат тарады.