Перзентханада жоспардан тыс тексеру жүріп жатыр
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы ана өлімі фактісі және жүкті әйелден «пара алу» жағдайы бойынша Azattyq Rýhy редакциясының сұрауына жауап берді.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, облыс перзентханасында босанған Салтанат Нышанбай жансақтау бөлімінде көз жұмған. Марқұмның туыстары ақ халаттылар 30 жастағы келіншекті перзентханаға дейін де, кейін де дұрыс қарамағанын айтқан. Олардың сөзінше, емхана өкілдері әйелдің медициналық сақтандыруына 40 мың теңгесі жетпегені үшін тіркеуден бас тартқан. Салтанат Нышанбайды дәрігерлер кесарь тілігімен босандырып алған. Бір аптадан кейін әйел еc-түссіз күйде комаға түседі. Бір айдан кейін Салтанат көз жұмған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы марқұмның өлімінен кейін перзентханада тексеру басталғанын хабарлады.
Тағы бір аяғы ауыр келіншек Гүлім Оразбаева өздігінен босанған соң, айы-күні жетіп туған сәбиі шетінеп кеткен, өзі ауыр жағдайда комаға түскен. Әйелдің жақындары акушерлер кесарь тілігін жасау үшін 20 мың теңге ақша сұрағанын айтты. Келіншектің туыстарының айтуынша, дәрігерлер оның медициналық картасын ашып қарамай, 7 күн жатқызып қойған.
Жамбыл облыстық перинаталдық орталық әкімшілігі Гүлім Оразбаевадан ешкім ақша сұрамады дейді.
«Гүлім Оразбаевада ана өлімі фактісі тіркелмеген. Өтініште көрсетілген кесарь тілігін жасау үшін 20 мың теңге талап етілгені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және қызметтік тексеріс барысында медициналық кызметкерлерінің тарапынан ақша бопсалаудың фактілері анықталмады», - деді орталықтан.
Ал ана өлімі фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті тарапынан бақылауға алынып, жоспардан тыс тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Денсаулық сақтау басқармасы заң бойынша пациенттің денсаулық жағдайы, диагнозы, медициналық көмек көрсету фактісі және өзге де мәліметтер медициналық құпия болып саналатындықтан, екі келіншекке қатысты өзге ақпаратты бере алмайтынын мәлімдеді.
2025 жылы облыстық перинаталдық орталықта 7130 әйел босанған. Былтыр ана өлімі тіркелмеген. Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында 73 дәрігер бар, жалпы 574 қызметкер жұмыс істейді.