Қазақ математигі Италиядағы ең қымбат мектепте мұғалім болып жүр

Автор: Темірхан Айжан

Ол болашақта елге қайтуды жоспарлап отыр 

Фото: Facebook/Маңғыстау Медиа

Қазақ жігіті Нұржігіт Екібаев Италиядағы ең қымбат мектепте математика пәнінен сабақ береді. Ол болашақта шетелдің үздік тәжирибесін Қазақстанның білім жүйесіне алып келгісі келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті otpannews сайтының мәліметіне сүйенсек, Нұржігіт Екібаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы №2 орта мектепті бітірген соң, Ақтөбеде орналасқан Қ.Жұбанов атындағы университетке түседі. Оны аяқтағаннан кейін Ақтаудағы орта мектептердің бірінде жұмыс істеген. Қазіргі таңда Италияның ең қымбат мектептерінің бірі - «H-Farm International School» -да мұғалім.

Оның айтуынша, Италияның мемлекеттік мектептерін еліміздегі білім ошақтарымен салыстырғанда айырмашылық бар.

«Екі елдегі қаржылай қолдау деңгейі  әртүрлі. Бұл жақта мектептер бір ауысыммен ғана оқиды, сондықтан оқу уақыты да ұзақ. Сабақ қыркүйек айынан бастап, маусым айының соңына дейін жалғасады. Бірақ қазақ балалары мен шетелдік балалардың айырмашылығы жоқ. Екі елде де балалар – алғыр», - дейді математик.

Нұржігіт Екібаев болашақта әлемнің ең үздік мектептерінде жұмыс істеп, алған тәжирибесін Қазақстанның білім саласында қолданғысы келетінін айтады.

«Әлемнің ең үздік мектептерінде жұмыс істеп, сол жерде алған тәжірибемді Қазақстан мектептерінде қолдансам деген мақсатым бар. «Ат айналып қазығын табар» дегендей, елге келіп жұмыс істеу үнемі ойымда жүреді. Болашақта Қазақстанда еңбек етуге ниеттімін, - деді Нұржігіт Екібаев.