Боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы титулынан айырылды

Автор: Темірхан Айжан

Спортшының командасы бұл іс бойынша апелляциялық шағым түсіретіні хабарланды 

Фото: @janibek_alimkhanuly

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Жәнібек Әлімханұлын 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін әлем чемпионы титулынан айырды. Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

IBF ережелеріне сәйкес, әр салмақ дәрежесіндегі чемпион өз белбеуін тоғыз ай бойы қорғауы тиіс. Жәнібек Әлімханұлы осы мерзімді 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін орындауы керек еді. Алайда қазіргі жағдайға байланысты, IBF директорлар кеңесі 2026 жылдың 5 наурызында титулды бос деп жариялау туралы шешім қабылдаған.

«Федерация президенті ретінде мен бұл жағдай Жәнібектің командасына үлкен сабақ берді деп санаймын. Дегенмен, ол биыл үлкен рингке одан да күштірек болып оралады және жақын арада төрт әлем титулын да жеңіп алады. Жәнібектің командасы бұл іс бойынша апелляциялық шағым түсіреді», - деді Рахымжан Ерденбеков.

Еске салсақ, World Boxing Organization (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын допинг-сынақтың оң нәтижесіне байланысты 1 жылға жарыстардан шеттеткен еді.