«Жеті айында туған баланы алмай кеткен»: шетелдіктер Алматыдағы суррогат ананың ақысын бермей, қашып кеткен

Автор: Темірхан Айжан

Суррогат ана 7 жарым млн теңге ақысын ала алмай қалды 

Фото: Freepik

Алматыда Қытай азаматтарының сәбиін дүниеге әкелген суррогат ана қызметі үшін ақшасын ала алмай отыр. Шетелдіктер әйелге 7 жарым миллион теңге төлеуі керек болған, бірақ олар туған баланы да алмай, ақысын да бермей кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қытайдан келген ерлі-зайыптылар 27 жастағы суррогат ана Кристина Гаврилюкпен келісімшарт жасасқан. Эмбрион салу процедурасы Алматыда өткен. Болашақ ата-аналар жүктілік кезінде ақшаны уақытылы беріп, тіпті ай сайын 200 мың теңге көлемінде «жалақы» төлеп тұрған. Бірақ денсаулығындағы кінәраттарға байланысты Кристина мерзімінен бұрын, яғни жеті айлығында босанды.

«Кесарь тілігінен кейін сәбиді бірден алып кетті, болды. Содан төрт сағат өткен соң медбике келіп, баланы беріп жібергендерін айтты. «Бәрі жақсы ма, шетінеп кетпеді ме» деп сұрадым. Ол: «Жоқ, бәрі дұрыс» деді. Биологиялық ата-аналар алдымен баланың денсаулығын тексеру үшін сараптама алуды талап етті. Сараптама бәрі жақсы екенін көрсетті. Бала салмақ қоса бастады. Кейін олар ДНҚ-тест жасатуды сұрады. ДНҚ-тест олардың баламен туыстығын растады. Осыдан кейін мен куратормен байланыста болдым. Бірақ кейін биологиялық ана жауап беруді қойып, баланы алып кетуді талап етті», - дейді суррогат ана.

Тапсырыс берушілер шала туған ұлды алудан бас тартқан, ақысын да бермеген. Кристина Гаврилюк нәрестені бірден «Балалар үйіне» өткізді, енді ол уәде етілген 7 жарым миллион теңге гонорарын алу үшін тапсырыс берушілерді табуға ниетті. Әйел полицияға жүгінген. Алайда биологиялық ата-аналардың шетелдік болғаны жағдайды қиындатып тұр.

«Аталған дерек бойынша мәліметтерді зерттей келе, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім шығарылды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 79-бабының нормаларына сәйкес, мұндай оқиғалар тек сотта шешілуі тиіс. Сондықтан азаматтық-құқықтық тәртіппен сотқа талап арыз беру туралы ұсыныстар берілді», - деді Алматы қалалық ПД өкілі.

Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Өзінің алты жасар қызын тәрбиелеп отыр. Әйел бұған дейін екі рет суррогат ана болған, екі келісім де сәтті аяқталған, үшінші рет гонорарын ала алмай отыр. Кристина бөтен баланы тәрбиелеуге де, оған жауапты болуға да ниетті емес. Сондықтан босанғаннан кейін бірден нәрестеден бас тарту туралы арыз жазған. Ал биологиялық ата-аналар туралы ақпарат жоқтың қасы. Олардың қазір қайда екені белгісіз. Процедура жүргізілген клиниканың өзі түсініктеме беруден түбегейлі бас тартқан.

Қазақстанда суррогат ана болуға ресми түрде рұқсат етілген. Баланы дүниеге әкелетін ананың құқықтары мен міндеттері «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Ол әйелге медициналық көмекті, денсаулығын қорғауды және сыйақы алуды кепілдендіреді. Құқық қорғаушылар алданған әйелге сотқа баруды кеңес береді. Биологиялық ата-аналар шетелдік екенін ескере отырып, суррогат ана Қытай елшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне жүгінуі тиіс.