Қазір төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған
Ішкі істер министрлігі Қазақстанды дүр сілкіндірген қылмыс – Атыраудағы төрт адамның өліміне қатысты ауқымды материал ұсынған. Дереккөзге сенсек, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы әйелінің әке-шешесін, бір ағасы мен бір әпкесін өлтіргенін мойындап, соңғы екеуінің мәйітін қай жерге көмгенін көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түсті. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылды», - деп хабарлайды істің хронологиясын тізген полиция.
Ішкі істер министрлігі Криминалды полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, 2026 жылдың 6 қаңтары күні 66 жастағы ер адам 64 жастағы әйелдің мәйіті өз үйлерінің қорасынан табылған.
«Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың екі баласына іздеу жарияланды. Осы отбасының бұрынғы күйеу баласы, 29 жастағы ер адам күдікке ілінді. Оған және оның бұрынғы әйелі, яғни, қаза тапқан екі адамның кенже қызына халықаралық іздеу жарияланды», - дейді ол.
Кейін, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, күдікті мен оның бұрынғы әйелі Индонезия Республикасының бір аралынан табылған. Олар Қазақстанға депортацияланды.
«Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның тергеудегі жауабына сай, Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды. Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүріп жатыр, тергеу ішкі істер министрінің бақылауында», - деді Қанат Нұрмағамбетов.