Атырауда жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы ісі: тағы екі адамның денесі табылды
Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіті ауладан анықталған
Атырау қаласының маңындағы Геолог ықшамауданында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен Жангелдин ауылының тұрғындары – Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіттері табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Олардың денелері бұрын күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайымен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан анықталған.
Айта кетейік, бұған дейін Сұлтан мен оның әйелі Ақбаян елге жеткізілді. Олар Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың мәйіттерін бұрын Геолог ықшамауданында жалдап тұрған үйдің ауласына көміп кеткенін айтқан.
Осы мәлімет алынғаннан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген жерге қайта барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде аталған аумақтан мәйіттер табылды.
Еске салайық, оларды іздеу жұмыстары желтоқсан айынан бері жүргізіліп келген. Оқиға орнында полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлері жұмыс істеп, жылжымалы штаб құрылған. Үй аумағы мен маңайдағы жерлер арнайы техникамен, оның ішінде георадарлардың көмегімен тексерілген. Алайда алғашқы іздеу жұмыстары нәтиже бермеген еді.