Бала «скинхедтер» қозғалысының нәсілшілдік көзқарастарын қолдаған
Абай облысында ұлттық алауыздықты қоздырған жасөсіпірімге сот үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқушы Telegram мессенджерінде «Skinheads industries-Semey» атты чат құрған. Сол жерде Үндістаннан келген студенттердің ұлттық намысына тиетін және олардың мәдениетін қорлайтын мәтіндік және аудио хабарламалар жариялаған. Тергеу оның «скинхедтер» қозғалысының нәсілшілдік көзқарастарын қолдағанын анықтады. Сондай-ақ, ол өзі құрған чаттың қатысушыларын, құрдастарын осы қауымдастыққа тартып, экстремистік идеяларды таратуға әрекеттенген.
Жасөспірімге ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша айып тағылды.
Бала сотта кінәсін толық мойындады. Сот үкімімен оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
«Ұлттық белгі бойынша адамдарды қорлау, араздықты қоздыру және экстремистік идеяларды тарату, соның ішінде интернет арқылы жасалған жағдайда да, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», - деп ескертеді сот ведомствосы.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.