«Москит торына сүйенген»: Бұланды ауданында 7 жасар бала терезеден құлап, ауруханаға түсті
Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды
Ақмола облысы Бұланды ауданында үйдің терезесінен құлап кеткен жеті жасар бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәлімет бойынша, 7 жасар бала үшінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен.
Полиция анықтағандай, сағат 17:30 шамасында бала ағасымен бірге үйде болған, сол кезде балконға шыққан. Далада жүрген итті көрмек болған бала терезедегі москит торына сүйенген, бірақ тор салмақты көтере алмай, бала төменге қарай құлаған.
Дәрігерлердің айтуынша, баланың сүйегі сынбаған, алайда қатты шок алған.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге және оларды ашық терезелер мен балкондардың қасында қараусыз қалдырмауға шақырады.
Айта кетсек, 2025 жылы Ақмола облысында балалардың москит торына сүйеніп, көпқабатты үйлердің терезесінен құлауының 19 дерегі тіркелген. Өкінішке орай, соның ішінде екі бала алған жарақаттарынан қайтыс болды.