Олар әртүрлі аурухананың реанимацияларында ем қабылдап жатыр
Кеше, 26 ақпан күні кешкі 21:56-да Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Щучье қаласындағы «Палау орталығы» дәмханасында үлкен жарылыс болған еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жараланған адамдардың жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Шучье аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде төрт адам жатыр. Олар ауыр және аса ауыр хәлде. Травматологиялық бөлімде үш науқас жатыр. Ал, тағы алты адам Көкшетау қаласының көп бейінді облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде», - деп хабарлады редакциямызға Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан жеті адам қаза тапқан. Зардап шеккендер саны 28 адамға жетті, соның ішінде 13-і ауруханаға жатқызылса, 8-і медициналық көмектен кейін үйлеріне жіберілген. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.