«Тапсырысты ғана ойлайды»: Алматы полициясы курьерлердің адам шошырлық апаттарын көрсетті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Қаладағы курьердің біразы шетелдіктер

Фото: скриншот

Алматы полициясы қала бойынша тапсырыс жеткізетін ондаған курьердің жол апатына түскен қорқынышты сәттердің видеосын жариялаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бейнежазбада көріп отырғанымыздай, курьерлер жол ережесін сақтамайды, көбіне жан-жағына қарамай, жол талғамай жүре береді. Соның кесірінен көліктерге соғылып, ауыр апаттарға душар болады. Сондықтан, полиция жол ережесін өрескел бұзған курьерлердің видеосын жариялап, халықты сақтыққа шақырып отыр.

«Жеткізу қызметінде жұмыс істейтін жүргізушілердің бір бөлігі агрегаторларға тіркеліп, жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары. Олардың арасында көлік құралын тіркемеген, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алмаған, міндетті сақтандыруды рәсімдемеген. Олар тапсырысты тез жеткізгісі келіп, өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қауіпке тігеді», - деп хабарлайды Алматы полициясы.

Айта кетейік, Алматы курьерлер көп жол апатына түсетін ірі қаланың бірі.