$ 501.26  590.38  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Соңғы хатында Германия туралы айтқан»: Польшада Талдықорған тумасы жоғалып кетті

Екатерина Шилова 18 ақпанда Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда рейске мінбеген

«Соңғы хатында Германия туралы айтқан»: Польшада Талдықорған тумасы жоғалып кетті
Фото: facebook.com/susanna.suhoterina/

Шетелде жұмыс істейтін тағы бір қазақстандықтың жоғалғаны туралы ақпарат тарады: бұл жолы Польшада жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматшасы Екатерина Шилова хабар-ошарсыз кетті. Ол 18 ақпан күні Варшавадан Астанаға ұшатын ұшаққа билет алған, алайда рейске мінбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екатерина Шилованың әпкесі әлеуметтік желіде жазба жариялап, сіңілісіне іздеу жариялаған. Оның қолындағы мәліметке сүйенсек, Екатерина 1982 жылы Талдықорған қаласында туған.

Әпкесінің айтуынша, 18 ақпан күні шамамен сағат 17:00-де Екатерина әкесіне хат жазып, 19 ақпан күні Қазақстанға ұшатынын жазған.

«Мені үй жалдап тұрған әйелдің күйеуі әкеліп тастайды. Польшаға қарай 15 наурыз күнге билет алдым», - деп жазған Екатерина. Сол күні кешке әкесіне тағы да смс жазып, жүгінің салмағын өлшету үшін үйдің астындағы дүкенге бара жатқанын айтқан. Бұдан кейін байланыссыз кеткен әйелдің телефонынан күмәнді хат келген.

«Мен Варшавадан Астанаға ұшқан жоқпын. Германияда бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін құрбым сол жақта жақсы жұмыс ұсынды, билетімнің ақшасын қайтарып алдым. Енді қолым босағанда жазамын», деп жазған соңғы хатында ол.

Ал, әпкесінің айтуынша, Екатерина ешқашан аяқ асты шешім қабылдамайтын және бұлай хат та жазбайтын.  Айта кетейік, әпкесінің айтуынша, Екатерина екі жыл бұрын Талдықорғандағы агент арқылы Польшаға жұмыс істеуге кеткен. Варшавада кір жуатын. Соңғы жарты жылда Польшаға Украинадан барған ерлі-зайыптының үйінде тұрып, бөлме жалдап келген.

Екатеринаның жақындары полицияға жүгініп, сондай-ақ Қазақстан мен Польшадағы дипломатиялық өкілдіктерге өтініш жолдаған. Жақындары Екатерина Шилованың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан құзырлы органдарға хабарлауды сұрайды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Екатерина Шиловаға қатысты жағдайдан хабардар.

«Варшавадағы консулдық бөлім қабылдаушы елдің уәкілетті органдарына ресми нота жолдады. Варшава қалалық полициясының бас басқармасы ақпаратты алғанын растады, іс іздестіру департаментіне берілді. Қажетті консулдық көмек көрсетілуде. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде.