СҚО-да өрттен 80 жастағы кейуана құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Пәтердің ас үйінде еден жана бастаған

Фото: © istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының Булаев қаласында болған төтенше жағдай қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Тұрғын үйде тараған түтін 80 жастағы кейуананың өміріне қауіп төндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 20 ақпан күні кешке болған. СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, пәтердің ас үйінде еден жана бастаған. Өртке плитаның үстінде қараусыз қалған тамақ пен өшірілмеген газ себеп болған.

Түтін қас-қағым сәтте үй ішін басып алған. Жалғыз тұратын 80 жастағы кейуана ең түпкі бөлмеде – жатын бөлмесінде қамалып қалған. Аяғы сынғандықтан, зейнеткер сыртқа өздігінен шыға алмаған. Ол дереу көршісіне қоңырау шалып, көмек сұраған.

Шақырту түскеннен кейін өрт сөндірушілер екі минутта оқиға орнына жеткен.

Арнайы қорғаныс киімдерін киген құтқарушылар қою түтіннің арасымен ішке кірген; Қозғала алмай жатқан қарт әйелді сыртқа, таза ауаға алып шыққан; Тілсіз жаудың таралуын тоқтатып үлгерген.

Куәгерлердің айтуынша, құтқарушылардың жедел әрекеті үлкен қасіреттің алдын алды. Үй иесі өзін ажалдан алып қалған мамандарға шексіз алғысын білдірді.