«Баласы әкесін тоқтатпақ болған»: Қостанай тұрғыны қызғаныштан әйелі мен ұлын өлтіріп кеткен

Автор: Бақыт Шынар

Сот оны өмір бойына соттады

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелі мен кәмелет жасына толмаған ұлын пышақтап өлтірген Аманқарағай ауылының тұрғын өмір бойына соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қайғылы оқиға былтыр қыркүйек айында болған.

«2025 жылдың 29 қыркүйегінде Аманқарағай ауылының тұрғыны үйінде отырып, жұбайын қызғана бастаған. Онымен ажырасқысы келмей, арадағы қарым-қатынасын анықтай бастаған. Кейін әйелі ұйықтап қалғанда қолына пышақ алған ол жұбайы жатқан бөлмеге бара жатқанда абайсызда кәмелетке толмаған ұлын оятып алған. Ұлы оны тоқтатуға тырысқан кезде әкесі оны бірнеше жерінен пышақтап жіберген. Сол кезде ​әйел оянып, ұлына қарай ұмтылған, бірақ, күйеуі оны да бірнеше жерінен пышақтаған», - деп хабарлайды Қостанай соттарының баспасөз қызметі.

Прокурор күдікті бір емес, екі адамды, оның үстіне өзінің ұлы мен әйелін өлтіргенін айтып, оны өмір бойына соттауды сұраған.

Сот сотталушының жеке басын, жасалған әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ сот талқылауы барысында анықталған мән-жайларды ескере отырып, оны қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айырды.