Ақтауда түтінге оранған үйдің тұрғындары эвакуацияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Пәтерлердің бірінде мүмкіндігі шектеулі ер адам қалып қойған

Фото: © istockphoto.com

Ақтау қаласында 7 ақпанға қараған түні 4-шағынаудандағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, тәртіп сақшылары жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиғаның мән-жайы 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сенбіге қараған түні сағат 4:00-де нөмірі 50-үйден өрт шыққан. Оқиға орнына «Мираж-2» автопатрулі жедел жетіп, жағдайды бағамдаған соң, бірден тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен.

Түтінге оранған пәтерлердің бірінде мүмкіндігі шектеулі ер адам қалып қойған. Ол денсаулық жағдайына байланысты үйден өздігінен шыға алмаған. Патрульдік полиция қызметкерлері Әнуар Орысбаев пен Бердібек Орынбаев батылдық танытып, ер адамды түтін басқан пәтерден көтеріп шығарып, дереу жедел жәрдем бригадасына тапсырған.

Тәртіп сақшыларының жедел әрі батыл әрекетінің арқасында адамдар ауыр зардап шекпеді. Пәтер иесі аман қалып, қажетті медициналық көмек алды.

Полиция департаменті азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.