Астанадағы дәмханалардың бірі өртке оранды
Жалын көрші ғимараттарға жайылып үлгермеді
Астанадағы Байқоңыр ауданында орналасқан дәмханалардың бірінен өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тілсіз жауды сөндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Жолымбет көшесінің бойында болған. Елордалық ТЖД кезекші бөліміне қоңырау таңғы сағат 05:09-да түскен. Ақпарат бойынша, Байқоңыр ауданындағы дәмханалардың бірі өртеніп жатқаны хабарланған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, бір қабатты «Argun» дәмханасының ас үйі лаулап жанып жатқаны анықталды. От жалыны тоңазытқыш пен жиһаздарды шарпыған.
Мамандардың жедел іс-қимылының арқасында өрт көрші ғимараттарға жайылып үлгермеді.
«Өрт сағат 05:52-де оқшауланып, 06:18-де толықтай сөндірілді. Тілсіз жау шарпыған жалпы аумақ 120 шаршы метрді құрады», — деді Астана қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметінің кезекшісі Сабден Ебдельманов.
Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Тілсіз жаумен күреске ТЖД-ның жеке құрамынан 20 маман және 4 бірлік техника жұмылдырылды.
Министрлік кәсіпкерлер мен нысан иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.