Олардың бірі бұрын екі рет сотталған
Елордада екі күн қатарынан жүргізілген рейдтік шара барысында полицейлер дәріні заңсыз сатудың 15 дерегін анықтады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәселен, 6 шілдеде полицейлер Қошқарбаев көшесінде Toyota Camry автокөлігін тоқтатып, тексерген. Көліктің жүксалғышынан сұранысқа ие «Цефтриаксон», «Цефазолин», «Сумамед», «Азитромицин», «Ингаверин», «Эуфелин», «Ледокаин» сынды антивирустық препараттар табылды. Дәрілерді алып-сатумен айналысқан 30 жастағы ер азаматтың бұрын екі рет сотталғаны анықталды.
Сонымен қатар, қаладағы сауда орталықтарының бірінің алдынан 30 жастағы әйел адам ұсталды. Ол да дәріханаларда тапшы болған дәрілерді заңсыз сатумен айналысқан.
Ал, «Оңтүстік-Шығыс» шағынауданында ұсталған 40 жастағы әйелден «Лидокаин», «Эргоферон», «Парацетамол», «Цефазолин», «Калетра» препараттары анықталды. Ол да аталған дәрілерді заңсыз сатып жатқан кезде қолға түскен.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары елордадағы дәріханалардың біразын тексеріп, бағаны негізсіз қымбаттату деректерін анықтады. 2 күн бойы жүргізілген рейд барысында полицейлер 10 түрлі дәрі-дәрмек: 4,7 мың таблетка, 2 мыңнан астам флакон және 400 капсуланы, 80 градусник, 26 мың медициналық маска, 3,5 мың дана қорғаныш құралдарын тәркіледі. Тәркіленген тауар құны 6 миллион теңгені құрайды.