Алматыда екі апта бұрын қайтыс болған дәрігердің телефонын әлдекімдер «бұзып», деректерін түгел жойған

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы оның туысы жазды

Фото: https://www.facebook.com/Bolashak

Бұған дейін хабарлағынымыздай, 2026 жылдың 4 қаңтарында Қазақстандағы танымал дәрігер-аритмолог Ғани Төлепбергенов 38 жасында қайтыс болған еді. Бүгін оның жақын туысы әлдекімдер дәрігердің телефонын «бұзып», ішіндегі бүкіл суреттері мен мәліметтерін жойып жібергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ғани Төлепбергеновтің жеңгесі, журналист Махаббат Есеннің айтуынша, марқұмның телефоны 19 қаңтарға қараған түні бұғатталған.

«Сіздерге аса маңызды мәлімет айтуға мәжбүр болып отырмын. 19 қаңтарға қараған түні әлдекімдер Ғани Құнанбайұлы Төлепбергеновтің жеке телефонын «бұзып» тастады. Олар оның жеке мәліметтерін көріп, әлеуметтік желілердегі парақшаларын, соның ішінде, WhatsApp және Facebook парақшаларын жойған. Сондай-ақ біреу оның электронды поштасын да ашып, оқығысы келген», - дейді Махаббат Есен.

Жақынынан айырылған ол мәселе тек әлеуметтік желідегі парақшалары мен коммерциялық ресурстарға ғана қатысты емес дейді. Өйткені, жақындары марқұмның суреттері мен өзге де жеке мәліметтерін сақтап үлгермеген.

«Оның телефонында суреттері, бізге жазған хаттары мен байланыс нөмірлері, біз үшін баға жетпес мұрасы қалған еді. Жанымыз ауырып отырған сәтте бұндай арсыздықты түсіне алар емеспіз. Ең бастысы, егер марқұм Ғани Төлепбергеновтің атынан қандай да бір хат-хабар келсе, болмаса, сілтеме жіберілсе, ашпаңыздар», - деп ескерткен ол.

Махаббат Есен марқұмның телефонына түгел иелік етіп алған адамдар осы жазбаны көрсе өмірден өткен адамның аруағын сыйлап, телефонның мәліметтерін жақындарына қайтаруды сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, 38 жасында қайтыс болған Ғани Төлепбергенов 2010 жылы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған. Интернатураны «Емдеу ісі» мамандығы бойынша өтіп, хирург болып еңбек еткен. Кейін қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебін аяқтап, денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алған.

Ол Президенттің «Болашақ» бағдарламасының түлегі болып, Литваның Каунас қаласындағы денсаулық ғылымдары университетінде «Электрофизиология және радиожиілікті абляция» бағыты бойынша білім алды. Бұл – заманауи кардиологиядағы ең жоғары технологиялы салалардың бірі.

2011 жылдан бастап оның кәсіби қызметі Алматы қалалық кардиологиялық орталықпен тығыз байланысты болды. Ол аға медбикеден бастап, еліміздегі жетекші аритмолог-дәрігерлердің біріне дейінгі жолдан өтті. Кардиология, кардиохирургия бөлімшелерінде және реанимацияда жұмыс істеді. Аритмология – оның саналы түрде таңдаған бағыты, яғни бар білімі мен тәжірибесін барынша пайда әкелуге жұмсай алатын нақты саласы болды.